Қазақстан



'"

Басқару түріне байланысты - Президенттік Республика. 2011 жылдың 15 қаңтарында өткен Президенттік сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды (бұл қызметте 1990 жылдан бері). Атқарушы орган Үкімет басшысы - Серік Нығметұлы Ахметов.

Қазақстан бес мемлекетпен шекаралас, соның ішінде әлемдегі құрлықтағы ең ұзақ шекара солтүстігінде Ресеймен — 6 467 км құрайды. Оңтүстігінде — Түрікменстан — 380 км, Өзбекстан — 2 300 км және Қырғызстан — 980 км, ал шығысында — Қытаймен — 1 460 км шектеседі. Жалпы құрлық шекарасының ұзындығы — 13392,6 км. Батыста Каспий теңізімен, оңтүстік батыста Арал теңізімен шайылады.

Бaтысында Еділдің төмeнгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін 3000 км-ге, солтүстіктегі Батыс-Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1 600 км-ге созылып жатыр. Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Мұхитқа тікелей шыға алмайтын мемлекеттердің ішінде Қазақстан - ең үлкені.

2014 жылдың 1 наурызында елдегі тұрғындар саны - 17 202600 адам бұл әлем бойынша 62-орын. Жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде 9-орын алады (2 724 900 км²).

Қазақстанның ұлттық құрамы aлуан түpлі. Хaлықтың үлкен бөлігін қазақтар құрайды, пайыздық үлесі - 63.1%, орыстар - 23.6%, украиндар - 2.9%, өзбектер - 2.8%,немістер - 1.5% ұйғырлар - 1.4%, татарлар - 1.3%, басқа халықтар - 4.3%. Халықтың 70 пайызын мұсылмандар құрайды, проваславты христиандар - 26%, қалғаны басқа дін өкілдері.

Экономикалық көрсeткіштері бойынша дамушы экономика ретінде қарастырылады. Елдің жалпы ішкі өнімі - құрайды. Экономиканың негізгі бағыты отын-энергетика саласындағы шикізат өндіру, ауылшаруашылығы (егіншілік). Елдің негізгі валютасы - теңге.

1991 жылдың 16 желтоқсан күні КСРО-ның ыдырауына байланысты өз егемендігін жариялады және халықаралық қауымдастық тарапынан тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалды. 1992 жылдың 2 наурызынан бастап БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына және Еуразиялық Экономикалық Қауымдастығы сияқты басқа да бірнеше халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді.

Қазақстан сөзі Қазақ және Стан сөздерінен құралған, яғни "Қазақ елі" деген мағына береді. Соңғы кездері халық арасында Қазақ елі және Қазақия деген атаулар қолданылуда.

Ежелгі Қазақстан.

Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 миллиондай жыл бұрын мекен еткен. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан мен Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны ғылымда Андрон мәдениеті деп атайды. Ерте темір ғасыры дәуірінде (біздің заманымыздан бұрынғы I мыңжылдық ортасы) Қазақстанда тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті. Біздің заманымыздан бұрынғы 3-ғасырда Қазақстан жерінде кейбір тайпалар өз мемлекетін құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түсті. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Зерттеушілер ғұндарды түріктердің арғы ата-бабалары деп есептейді. Бұл бірлестікті Мөде басқарған кезде ғұндар бүкіл әлемге танылды. Ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Жетісуда ежелгі тиграхауда сақтарының жерін мұра етіп алған усундер (үйсіндер) біздің заманымыздан бұрынғы 160 ж. шамасында Іле алқабында өз мемлекетін құрды. Олар Қаңлы мемлекетімен шектесті. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экономикалық және мәдени байланыс орнатқан.

Қазақстанды Ресейдің отарлауы 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылуынан басталды. Бұл процесс 130 жылдан аса уақытқа созылып, 19 ғасырдың 60 жылдарының ортасына қарай толық жүзеге асырылды. 1731 – 1860 жылдары Қазақстан Ресейге, көбіне сөз жүзінде ғана бағынып, іс жүзінде ру, тайпа билеушілері дербес саясат жүргізді. Патша өкіметі халық көтерілістерін аяусыз басып отырғанымен, елдің ішкі істеріне (сот жүйесіне, ру аралық мәселелерге) араласпады. Ел ішіндегі беделді адамдарға, ру басыларына жалақы тағайындап, әр түрлі атақтар беріп, екінші жағынан әкімшілік реформалар жасап, көнбегендерін жазалау арқылы өз билігін күшейтті.

1917 жылы большевистік революциядан кейін Қазақстанда Кеңес билігі орнады. Бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстары бүкіл ел шаруашылығын күйретті. 1920-1921 жж. қыста болған жұттың салдарынан ірі қараның жартысына жуығы қырылды. 1921 жылы жаз егінсіз болып, аштық орнады. Тек 20-жылдардың соңына қарай Қазақстан қалпына келді. 1920 жылы Қазақстан автономды, ал 1936 жылы КСРО құрамындағы одақтық республика болды.

Аймақтың экономикалық әлсіздігін есепке ала отырып, одақтық үкімет Қазақстан шаруашылығын қарқынды түрде дамытуды алға қойды және 1941 жылы өнеркәсіп өндіріс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда сегіз есеге артты.. Ірі экономикалық жобаларды орындауға ресурстарды топтастырудың жоспарлық жүйесінің мүмкіндіктері арқасында Қазақстан 30-жылдары көшпелі өлкесінен ірі және өнеркәсіптік, егіншілік пен мал шаруашылығы дамыған, жоғары мәдени деңгейі бар аймаққа айналды.

Қазақстан аумағында мыңдаған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды, он мыңдаған шақырымға созылған темір және автомобиль жолдары түсті. Қазақстан түрлі түсті және қара металл, көмір, мұнай, бидай, мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі болды. 1991 жылы Қазақстан үлесіне қорғасын, мырыш, титан, магний, қалайыны өндіруде одақтық өндірістің 70 пайызы, фосфор мен хром өндірісінің 90 пайызы, күміс пен молибденнің 60 пайыздан астамы тиесілі болды. Қазақстан дәнді дақылдардың ірі өндірушісі болды.

Алайда, экономикалық дамудағы жетістіктер үшін қазақ халқы құнын өтеді. «Социалистік индустриялау» әдісі қайғылы жағдайға әкелді. Нәтижесінде ұжымдастыру бойынша қозғалыс 30-жылдары аштыққа әкеліп тіреді. Қазақтардың бір бөлігі тобымен Қытайға және көршілес ортаазия елдеріне кетті. 1931-1934 жылдары аштық пен аурудан бір жарым миллион адам қаза тапты, ол этностың 40 пайызын құрады.

Қазақстан бұрынғы КСРО аумағындағы негізгі тұрғындардың ең аз бөлігін құраған бірегей республика болды; мұндай жағдай 30-жылдары халықтың көп бөлігінен айырылғаннан емес, КСРО-ның басқа аймақтарынан Қазақстан аумағына жүз мыңдаған адамдарды жарамсыз большевиктік режимде 1937-1938 жж. террор құрбандарына арналған концлагерлер ұйымдастыру арқылы қоныс аудару салдарынан болды.

1935 жылдан 1940 жылға дейінгі кезеңде Батыс Украина, Белоруссия және Литвадан поляктардың жер аударуы көп орын алды (120 мыңға жуық адам). ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанға Поволжья немістері, Кавказдан шешендер, ингуштар және басқа да ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылды, ал 50-60 жж. тың игеруге байланысты біздің елге Ресей, Украина, Белоруссиядан миллиондаған тұрғындар көшіп келді. Нәтижесінде 1926 жылы республикадағы барлық тұрғынның меншікті салмағы 57,1% құрап, 1939 жылы бұл көрсеткіш 38%-ға дейін төмендеді, ал 1959 жылы небәрі 30 пайызға тең болды. Тек соңғы жылдары қазақтардың меншікті салмағы 50 %-дың көрсеткішке жетті.

70-80 жылдар қарсаңында КСРО-ның экономикалық және әлеуметтік-саяси өміріндегі дағдарыс Қазақстанға да әсер етті. Қатаң жоспарлық жүйе елдің экономикалық дамуын, әлеуметтік саланы тоқыратты. Сондықтан да қайта құру саясаты жариялылық пен демократияға сенген Қазақстан халқынан кең қолдау тапты. Алайда, 1986 жылғы 17 желтоқсанда орын алған Алматыдағы жастардың демократиялық көтерілісінің қатты қысымға алынғаны тағы да «әлеуметтік» жүйенің жарамсыздығын көрсетті.

Қазақстан Республикасының жер көлемі 2,7 млн шаршы шақырым. Жерінің ауданы жағынан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Австралия, Үндістан және Аргентинадан кейін 9-шы орында тұр.

Республика Еуразия құрлығының орталығында барлық мұхиттардан бірдей қашықтықта орналасқан. Республика батысында Еділ өзені алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін 3 мың км дейін, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан (Солтүстік Қазақстан жазығы) оңтүстігінде Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1600 км-ге дейін созылып жатыр. Қиыр солтүстік нүктесі (55 26 с.е.) Шыңыс Еуропа жазығының орталық бөлігі мен Британия аралдарының оңтүстүгіне, ал оңтүстік нүктесі (40 56 с.е.) Кавказ сырты мен Оңтүстік Еуропаның Жерорта теңізі өңіріндегі елдердің ендігіне сәйкес келеді. Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Географиялық орнына қарай орманды дала, дала, шөлейт және шөл зоналары қлыптасқан. Елдің батыс шеті (46 27 ш.б.) Эльтон және Басқұншақ көлдері маңына, ал шығыс нүктесі (87 20 ш.б.)Бұқтырма өзенінің бастауына сай келеді.

Аумағының 10%-ы биік таулы өңірлер, қалған бөлігі ойпат, жазық, үстірт, қырат жерлер. Қазақстанның ең биік жері – Хантәңірі шыңы (6995 м). Ол Тянь-Шань тау жүйесінде орналасқан. Каспий теңізінің шығыс жағалауында елдің ең төмен жері Қарақия ойысы теңіз деңгейінен 132 м төмен орналасқан.

Қазақстан Республикасы — унитарлы мемлекет. Әкішілік құрылымы бойынша құрамына 14 облыс, 86 қала, соның ішінде 3 республикалық маңызы бар қалалар (Астана, Алматы, Байқоныр), 168 аудан, 174 ауылдық округ кіреді.

Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамыздағы респ. референдумда қабылданған Конституция бойынша – өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеумметті мемлекет ретінде орнықтырды. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғ. өкілді органы – Парламент. Ол республиканың заң шығару қызметін жүзеге асырады.

Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенатқа әр облыстан және респ. маңызы бар 2 қаладан екі адамнан сайланады. Сенаттың 15 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды. Мәжіліс республиканың әкімш.-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылған, сайлаушылар саны шамамен тең болатын бір мандатты аумақтық сайлау округтары бойынша сайланатын алпыс жеті депутаттан және партиялық тізім бойынша сайланатын 10 депутаттан тұрады.



Қазақстанның қазіргі жер бедері палеогеографиялық дамудың талай ұзақ кезеңдерінен кейін, теңіздік және континенттік жағдайлардың алмасып отыруынан, климаттың үнемі өзгеріске ұшырауынан және тектоник. қозғалыстардың нәтижесінде қалыптасқан. Республиканың орт. бөлігінде болған варийлік (герциндік) тау жүйелері жоғ. палеозойдан бастап қарқынды континенттік мүжілуге ұшырау салдарынан, қалдық қырқалы денудациялық жазықтар мен аласа тауларға айналды. Тек қана Торғай қолаты мен республиканың солт.-шығыс бөлігін кайнозойдың мореналық алаптарының жекелеген шығанақтары, ал оңт.-батыс бөлігін тұтасымен бор және неогендік теңіз басып жатты. Төрттік кезеңде ғана Маңғыстау түбегі мен оған жапсарлас аудандар климаты қуаң жазық құрлыққа айналды. Қазақстанның оңт.-шығысында неоген-төрттік кезеңде түзілген биік таулы аймақтың қалыптасу процесі бүгінге дейін созылуда. Оған жер қыртысының осы аймақтағы қозғалыстары мен сілкінулері дәлел. Таулы өңірді табиғат тарихында 3 рет мұз басқан, соның салдарынан мұнда қар, мұздықтық аңғарлар, мореналық материалдар ұшырайды.

Қазақстан Шығыс Еуропа платформасының оңт.-шығыс шетін (Каспий маңы синеклизасын) және Орал-Моңғол қатпарлы белдеуінің батыс бөлігін алып жатыр. Қатпарлы белдеу өзінің оңт.-батысында Тұран ойпатына (тақтасына) жалғасады.

Қазақстанның климаты шұғыл континентті. Климаттың континенттігі оның өзіндік ерекшеліктерінен көрінеді. Оларға: қыс пен жаз температураларының үлкен айырмашылық жасауы, ауаның құрғақтығы, республиканың көп жерінде атмосфералық жауын-шашынның әркелкі түсуі, кыстың солтүстікте ұзак әрі аязды, оңтүстікте қысқа әрі жұмсақ болуы жатады.

Радиация. Қазақстан аумағы үстінде бүкіл жыл бойы жоғары қысымды ауа қабаты үстемдік етеді, ал оған көршілес аймақтарға (солт., батыс және оңт.) төм. қысымды қабаттар тән келеді. Жалпы республика аумағының көпшілік бөлігінде антициклондық ауа райы басым. Сондықтан мұнда шұғылалы ашық күндер ұзақт. жылына солт-тен оңт-ке қарай 2000 сағ-тан 3000 сағ-қа дейін артып отырады. Жылына солт-те 120, оңт-те 260 күн ұдайы ашық болады, бұлтты күндер саны тиісінше 60 күннен 10 күнге дейін (Балқаш ойысында) кемиді. Міне, осылардың нәтижесінде жиынтық радиация мөлшері де солт-тен оңт-ке қарай 4200-ден 5500 МДж/м2-ге дейін біртіндеп артады. Сол сияқты төсеніш беттің (жер бетінің) сәуле қайтару қабілетіне байланысты сіңірілетін радиация мөлшері де оңтүстікке қарай бірқалыпты көбейеді. Сәуле қайтару қабілетін қыста тұрақты қар жамылғысы қалыптасқанда ең жоғары мәніне 70 – 80%-ға жетіп, жазда көпшілік жерде 20 – 30%-ке дейін төмендейді. Радиацияның жылдық тиімді сәулелену мәні солтүстікте 1500-ден оңтүстікте 2100 МДж/м2-ге дейін өзгереді. Теріс мәнді радиациялық баланстың маусымдық ұзақт. солт-те 3,5 – 4,5 ай (қараша – наурыз), оңтүстікте – 1 ай.

Қазақстанның жер үсті суларының ресурсы сулылығы бойынша орташа жылы 100,5 км3; соның ішінде не бары 56,5 км3-і ғана республика аумағында қалыптасқан, қалған көлемі Орта Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан және Қытай Халық Республикасынан келетін өзен суларынан құралады. Өзен ағындысының көлемі бойынша Қазақстан планетаның сумен неғұрлым аз қамтылған елдерінің қатарына жатады. Қажетті су тұтыну көл. 54,5 км3-ді құрайды, мұның сулылығы бойынша орташа жылда шаруашылыққа пайдаланылу мүмкіндігі 46,0 км3-ден аспайды. Су тапшы жылдары су ресурстарының көл. 58 км3-ге дейін, ал пайдаланылатын су тиісінше 26 км3-ге дейін төмендейді. Тұщы жер асты суларының қоры 15,1 км3-ді құрайды, оларды пайдалану деңгейі 11,3% немесе 1,7 км3. Қайтымды сулардың көл. 4 км3, су көздеріне қайта құйылған су 2 км3-ден аспайды, қалған ағынды құрамы сейіледі немесе жерге сіңіп кетеді. Қайтымды сулар табиғи сулар мен қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып табылады.

Топырақ — табиғат компоненттерінің бірі. Жердің геологиялық тарихында алдымен пайда болған топырақ. Палеогеографиялық зерттеулердің деректері бойынша алғашқы жұқа топырақ қабаты 500 млн жыл бұрын кембрий дәуірінде пайда болыпты. Бұл кезде әлі өсімдік жамылғысы қалыптаспаған.

Топырақ жамылғысын зерттейтін топырақтану ғылымы - жас ғылым. Оның негізін салған XIX ғасырдың 80-жылдары орыс ғалымы В. В. Докучаев - топырақтың табиғи және тарихи дене екенін анықтады.

Қазақстанда өзге елдерде кездесетiн топырақ түрлерiнiң түгелдей дерлiгi тараған. Мұнда тайга, тундра топырағына дейiн бар, тек ылғалды субтропик белдемiне тән топырақ қана жоқ. 

Қазақстанда интродукцияланған, мәдени дақылға айналдырылған және кездейсоқ әкелінген түрілерін қоспағанда шамаммен 6025 өсімдік түрі бар. Жабайы өсімдіктердің 18 түрі космополит (Антарктикадан басқа құрлықтарда өседі), 285-і голарктикалық түр (Евразия мен Солтүстік Америкада өседі). Бұлардың ішінде 535-і (шамамен 11%-і) тек Қазақстанда кездеседі (эндемиктер). Мұнда бірнеше ботаникалық зона бар. Тау өсімдіктері өздеріне тән биіктік зоналар құрайды. Өзен-көл, батпақ, жайылма, шалғындық, көлтабан өсімдіктері ешқандай зонаға жатпайды. 

Су өсімдіктерінің түрі аз (63 гидрофильді түрі). Олардың құрамында барлық космополиттердің жартысы (шылаңдар мен руппияларды қосқанда 9 түрі), 24 голарктикалық түр (сальвиния, тұңғиқ т.б.) бар. Бұлар су өсімдіктерінің 52%-і, яғни ең көне өсімдіктер. Палеоботаникалық тұрғыдан да осылай; шылаңдар туысы (21 түрі бар) бұдан 70-100 млн жыл (бор дәуірінде), сальвиния, жестер, телорез 40-70 млн жыл бұрын болған. Тегі тропикалық, гидрофильді өсімдіктер тобына жататын су өсімдіктері Қазақстан жерінде 25-40 млн жыл бұрын (олигоценде) қаулап өскен.

Батпақ, өзен жайылмасы мен көлтабан өсімдіктерінің 450-ден астам түрі бар. Шалғынды, кейде батпақты жерлерде бидайық, тарғақ, айрауық, шалғын атқонағы, шалғын бедесі, шалғын ноғатығы, кәдімгі бекмания, қамыс, қоға, қияқ сияқты азықтық шөптер көбірек. Олардың топтасуынан өнімділігі әркелкі шабындық қалыптасады.

Тау ормандарының мұншама кең алқапта орналасуына, республиканың батысында еменді және қарағашты, ал солтүстүігінде қайыңды және қарағайлы ормандардың бар болуына байланысты ормандар мен орман шалғындарының құрамындағы өсімдіктер Қазақстандағы барлық өсімдіктердін 40%-інен асады. Олардың ішінде 1 космополит (кәдімігі қыранқұлақ), 30-дан астам голарктикалық түр - орман папоротнигі, қауырсын папоротник, усасыр, құлмақ, күреңот, ұртшөп бар. Олар көне заман ормандарынан келіп жеткен реликтілер. Мұндай орман өсімдіктеріне грек жаңғағы, семенов үйеңкісі, лепсі таспасы, тянь-шань цицербитасы, семенов айдаршөбі сияқты аз тараған реликтілер, сондай-ақ "Қазақстанның Қызыл кітабына" енгізілген қырғыз қайыңы, бекара терегі, Мушкетов түйесіңірі, мыңжылқы усасыр қырыққұлағы сияқты эндемдер айырықша сипат береді.

Ұлан байтақ Қазақстан жерінде сүтқоректілердің 172, құстың 485, бауырымен жорғалаушылардың 52, қосмекенділердің 12, балықтың 150-ге жуық түрі бар. Омыртқасыз жәндіктер (насекомдар, шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар т.б.) бұдан да көп. Тек жәндік түрлерінің өзі-ақ 30 мыңнан асады. Жануарлар түрінің осыншалық көп болуы республиканың географиялық орнына, жер бедерінің дамуы мен жануар түрлері қалыптасуының ұзақ та күрделі тарихына байланысты.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ — ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерi бар жер, су объектiлерi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгiнiң учаскелерi.

Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат қорлары Қазақстанның ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қуатты минералдық шикізат базасының қазіргі жай-күйі республиканы шет елдердің кен қазбаларына тәуелділіктен толық арылтып, Қазақстанның дүниежүз. рынокқа минералдық шикізат қорлары мен оның өңделген өнімдерін шығаруына мүмкіндік берді. Минералдық шикізат ресурстары еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Маңыздылығы жағынан олар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін және экон.-саяси мәні бар стратегиялық кен байлықтары жатады: мұнай, газ, көмір, уран, хромит кен орындары. Екінші топты қаржы түсімін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанның индустриялық бет-бейнесінің негізі болып табылатын маңызды кен байлықтары құрайды: темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және алтын кен орындары. Үшінші топқа ішкі және сыртқы рыноктарда жоғары сұранымға ие қалайы, күміс, фосфор, барит кен орындары кіреді. Кен байлықтардың барланған қоры негізінде ондаған мұнай-газ және кентас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, олар 70-тен аса әр түрлі минералдық шикізат түрлерін өндіреді және өңдейді.

Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Конституция бойынша — өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғары өкілді органы — Парламент. Ол республиканың заң шығару қызметін жүзеге асырады. Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының елордасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика елордасының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың 15 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды.

Мәжіліс дәрежелi өкiлеттiлiк және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiм негiзiнде сайланған 98 депутаттардан құралады, және 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Президент Үкіметті Мәжілістегі көпшілік алған партия ұсынысымен құрады. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Премьер-Министр Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.

Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік) жүзеге асырады.

Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр. 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің республика әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қазақ техникалық мамандары Қазақ Инженерлер Бірлестігі ұйымына біріккен.

Қазақстан Республикасының ішкі жалпы өнімі - $188 млрд. (2011 жылға), адам басына шаққанда $11,245 құрайды . Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан орташа экономика ретінде қарастырылады ..

Қазақстан экономикасының әлемдік экономикадағы үлесін анықтаудың негізгі көрсеткіші - елдің халықаралық саудадағы үлесіне қарап анықтауға болады. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы жылдан жылға өсіп келеді: 1995 жылы $9 млрд болатын болса 2008 жылы $109 млрд болды. Негізгі өсім мұнай өндіру және металлугрия саласыныңеншісіне тиесілі. Экспорт өндірілетін өнім көлемінің өсуіне жәнебағаның қымбаттауына байлнысты. Ал импорттың өсуі тиісінше өнімді өндіруге қажетті машиналар мен жабдықтарды сатып алудың нәтижесінде өсті.

2009 жылы сыртқы сауда айналымы 34%-ға төмендеп кеттті, оның негізгі себепшісі мұнай мен металл бағасының төмендеуі. Дегенмен, 2010 жылдан бастап бағалардың қайта өсуіне байланысты қарқынды даму байқалды, Нәтижесінде экспорттық-импорттық операциялар көлемі $137 млрд. құрады. Экспорт ($92 млрд) иморттан екі есе көп болды ($45 млрд).

Экспорттың 75% – минералды ресурстар, ең үлкен бөлігі мұнай, газ, көмір, уран сияқты пайдалы қазбаларға тиесілі. Қалған 13% - металлдар және 3,4% - ауылшаруашылық өнімдері құрайды (негізгісі бидай), 4,2% - химия өнеркәсібінің өнімдері. Негізгі өндіретін тауар - өңделмеген табиғи қазбалар құрайды. Қазақстан әлемдік сауда нарығында табиғи ресурстарды қамтамасыз етуші ретінде қызмет етеді.

, , , 

Бұл міндеттерді орындауды Қарулы Күштер Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарымен өзара тығыз іс-қимылда жүзеге асырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік к-тінің шекара қызметіне құрлықта, теңізде, көлдерде және өзге де су айдындарында мемл. шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ, лаңкестікке (террорға), қару мен есірткі саудасына қарсы күреске қатысу жүктеледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 ж. 23 қарашадағы 1579 қаулысына сәйкес елімізде Оңт., Батыс, Шығыс, Орт. әскери округтері құрылған. Оңт. әскери окуругінің қорғайтын жер аумағына: Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Тараз қаласында. Шығыс әскери округі қорғайтын жер аумағына: Шығ. Қазақстан, Павлодар облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Семей қаласында. Батыс әскери округінің қорғайтын аумағына: Ақтөбе, Атырау, Бат. Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді. Округтің орт. штабы Ақтөбе қаласында. Қазақстанның қалған облыстары Орт. әскери округіне қарайды. Орт. штаб – Қарағанды қаласында.

Қазақстанның геосаяси жағдайы үлкен өзгерістерге (экстремизм, шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың өршуі, жаңадан ядр. мемлекеттер пайда болуы, т.б.) ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери доктринасы орташа мерзімді кезеңге есептеліп жасалған (1999 – 2005) қорғаныстық сипатқа ғана ие. Ол әлемдегі және аймақтағы әскери-саяси жағдайды кешенді бағалауға, мемлекеттің экон. болмысы мен материалдық қорының мүмкіндіктеріне сүйенеді. Доктрина Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі стратегиясының негізгі ережелерін нақтылайды және шабуыл жасалған жағдайда елдің қорғанысын ұйымдастыруға, ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі одақтас мемлекеттермен бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.

"'



